ОСТЕОАРТРИТ ПЕН СПОНДИЛОАРТРИТТІ ЕМДЕУДЕГІ КЛИНИКАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ
Кілттік сөздер:
остеоартрит, спондилоартрит, кешенді терапия, оңалту, кинезиотерапия.Аннотация
Өзектілігі. Остеоартрит (ОА) пен спондилоартриттер (СПА) тірек-қимыл аппаратының ең жиі кездесетін созылмалы ауруларының бірі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, буын аурулары халықтың мүгедектікке ұшырауының жетекші үш себебінің қатарына кіреді. Қазақстан Республикасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері мен ұлттық эпидемиологиялық бақылауларға сәйкес, ересек тұрғындар арасында остеоартриттің таралуы 12-16%-ды құрайды, ал жыл сайынғы аурушаңдық өсімі 3–5%-ға жетеді. Спондилоартриттердің жиілігі 0,8-1,7% аралығында, алайда кеш диагностикалануына байланысты нақты көрсеткіштер бұдан жоғары болуы мүмкін.
EULAR, OARSI және ASAS халықаралық заманауи ұсынымдары буын патологиясы бар науқастарды емдеуде мультидисциплинарлық және кезең-кезеңмен жүргізілетін тәсілдің маңыздылығын атап көрсетеді, оған фармакологиялық терапия, жергілікті араласулар және оңалту шаралары кіреді.
Зерттеу мақсаты. Нақты клиникалық тәжірибе жағдайында остеоартрит және спондилоартриттері бар науқастарды кезең-кезеңмен кешенді емдеудің клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалау.
Материал және әдістері. Зерттеуге Алматы қаласындағы үш мамандандырылған ревматологиялық орталықта ем қабылдаған 60 науқас енгізілді. Тиімділік бағалау ВАШ, WOMAC шкалалары, қабынудың зертханалық маркерлері және аспаптық диагностика әдістері арқылы жүргізілді.
Нәтижелері және талқылауы. Кешенді терапия ауырсыну синдромының қарқындылығын сенімді түрде төмендетті, буындардың функционалдық белсенділігін жақсартты және қабыну өзгерістерін азайтты.
Қорытынды. Кезең-кезеңмен жүргізілетін кешенді тәсіл емнің жоғары тиімділігін көрсетеді және қазіргі халықаралық ұсынымдарға сәйкес келеді.
